Сіздердің назарларыңызға атом холдингінің қаржылық және операциялық қызметінің негізгі нәтижелері, сондай-ақ тұрақты даму саласындағы нәтижелері жарияланған «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның 2021 жылғы біріктірілген жылдық есебін ұсынамыз.
Бұл 2021 жылғы есеп болғанына қарамастан, біз 2022 жылғы қаңтардағы елімізде болған қайғылы оқиғалар туралы айтпай кетуімізге болмайды. Компания атынан Қазатомөнеркәсіп тобының барлық қызметкерлеріне осындай қиын кезеңде көрсеткен ұйымшылдығы, іске адалдығы үшін, серіктестеріне, клиенттері мен акционерлеріне қолдауы үшін алғысымды білдіргім келеді.
Біз Украинадағы қақтығыс кезінде зардап шеккендердің барлығына терең жанашырлықпен қараймыз және жағдайдың тез арада бейбіт жолмен шешілетініне үміттенеміз.
Қазақстанда болған қаңтар оқиғасы, Украинада болып жатқан жағдайлар Қазатомөнеркәсіптің қызметіне елеулі әсерін тигізбегендігін атап өткен маңызды. Компанияның барлық кәсіпорындары өндірістегі жағдайдың тұрақсыздануына жол бермеу және персонал мен өндірістік алаңдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін уақтылы шараларды енгізудің арқасында үздіксіз жұмыс істеді және ол жұмыс жалғасуда. Біз ағымдағы жағдайды жіті қадағалаймыз және тәуекелдерді азайтуға, қызметіміздің үздіксіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін шешімдер қабылдауға дайынбыз.
Еңбекті және қоршаған ортаны қорғау, барлық өндірістік объектілерде өнеркәсіптік, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері Қазатомөнеркәсіп қызметінің негізгі басымдықтары болып қала береді.
2021 жылы Компания қызметкерлердің, олардың отбасыларының және жұмыс істейтін аймақтардағы жергілікті халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін сенімді бизнес-процестерді құруға және пандемияға қажетті бейімделуге көп көңіл бөле отырып, барлық сын-қатерлерден сәтті өтті. Атом холдингі бойынша қабылданған уақтылы алдын алу шараларының арқасында Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындарында коронавирустық инфекцияның айтарлықтай таралуына жол берілген жоқ, ал тиімді түсіндіру жұмыстары мен коммуникациялардың нәтижесінде іс жүзінде барлық еңбек ұжымы COVID-19-ға қарсы вакцинацияланды.
Компанияда халықаралық стандарттарға сәйкес келетін денсаулық менеджменті және өндірістегі қауіпсіздік жүйелері енгізілген. Өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және қызметкерлер арасындағы қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін дамытуға бағытталған күш-жігердің нәтижесінде Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындарында өнеркәсіптік апаттарға жол берілген жоқ. Алайда, өкінішке орай, өткен жылмен салыстырғанда жазатайым оқиғалар мен жарақаттардың, соның ішінде екі адамның өмірін қиған қайғылы жол-көлік оқиғасының саны артты. Компанияның басшылығы мен Директорлар кеңесі оқиғаның мән-жайын зерделеп, Топтың барлық кәсіпорындарында алдын алу шараларын қабылдау бойынша дереу іс-шаралар қабылдады. Бұдан басқа, жол қозғалысының қауіпсіздік шаралары туралы хабардар болу деңгейін арттыру мақсатында Қазатомөнеркәсіп 2022 жылды автокөліктердегі қауіпсіздік жылы деп жариялады.
Даму стратегиясына сәйкес Компания өз қызметінің тиімділігін арттыруды және ESG негізгі қағидаттарын мүлтіксіз орындауды жалғастыруда. Бұл бағытта айтарлықтай жұмыс 2021 жылы жүргізілді және экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару мәселелері Қазатомөнеркәсіптің басымдықтары қатарында алдағы уақытта да қала береді.
Компания, сондай-ақ экологиялық әсерді барынша азайту үшін экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, кәсіпорындардың өндіріс орындарында табиғи ортаны сақтау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайды.
Пандемияның сын-қатерлеріне қарамастан, 2021 жылы Қазатомөнеркәсіп жоспарланған барлық операциялық және қаржылық көрсеткіштерге қол жеткізді және қандай да бір экологиялық апатсыз табиғи уранның ең ірі өндірушісі мен сатушысы позициясын сақтап қалды.
2021 жылдың қорытындысы бойынша Компанияның шоғырландырылған түсімі 691 млрд теңгені құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 18%-ға артты. Түзетілген таза пайда 2020 жылдың көрсеткіштеріне қарағанда 10%-дық өсімді көрсетті және 220 млрд теңгеге жетті. 2020 жылдың нәтижелері бойынша 2021 жылы акционерлерге төленген дивидендтердің жалпы сомасы 150 млрд теңгені құрады, бұл 2020 жылғы төлемдер көлемінен 50%-ға артық.
Есепті кезеңде құнның өсуін қамтамасыз етуге назар аудара отырып, Компания бейінді емес активтерді қайта құрылымдау және өткізу бойынша жұмысты жалғастырды. Қазатомөнеркәсіп күн энергетикасын дамыту саласында жұмыс істейтін барлық кәсіпорындарын, соның ішінде «Astana Solar» ЖШС, «Kazakhstan Solar Silicon» ЖШС және «KAZSILICON» МК» ЖШС үшінші тараптарға сатуды жүзеге асырды. Бұдан басқа, қызметін тоқтатқан «Қазатомөнеркәсіп-Даму» әлеуметтік инвестициялар қоры таратылды. Нәтижесінде еншілес кәсіпорындар, БК, БО, қауымдасқан кәсіпорындар және Топтың басқа да инвестицияларының саны 40-тан 36-ға дейін қысқарды.
Бүкіл әлемдік атом қоғамдастығы үшін дамудың маңызды кезеңі негізін қалаушылардың бірі Қазатомөнеркәсіп болып табылатын АЭХА-ның Вена тобының құрылуы болды. Вена тобы ядролық технологиялар арқылы жаһандық сын-қатерлерді жеңуге бағытталған күш-жігерді кеңейту және саланың барлық ойыншылары арасындағы іс-әрекетті тұрақты түрде үйлестіру арқылы атом өнеркәсібіндегі инновацияларды ынталандыру үшін негіз болады деп болжанады. Қазатомөнеркәсіп негізін қалаушы мүше ретінде халықаралық ұйымды оның экологиялық, әлеуметтік және экономикалық мақсаттарына қол жеткізудегі ядролық технологиялар мен атом энергиясының үлесін ұлғайту жөніндегі миссиясында қолдайтын болады.
Қазақстанның атом саласы үшін маңызды тарихи оқиға «ҮлбіТВС» ЖШС жылу бөлетін құрамалар шығаратын зауыттың іске қосылуы болды. Қазатомөнеркәсіп үшін бұл оқиғаКомпания өз клиенттеріне ұсына алатын ядролық-отын циклінің өнімін әртараптандыру жолындағы маңызды қадам. Бұл инновациялық кәсіпорынның ашылуы Қазақстанға атом станциялары үшін ядролық отын өндіруші және жеткізуші мемлекеттердің шектеулі шеңберіне кіруге мүмкіндік береді. Бұл жоба Қазатомөнеркәсіп пен Қытай атом компаниялары арасындағы ынтымақтастық туралы келісімдер аясында жүзеге асырылды. Осы келісімдер бойынша міндеттемелерге сәйкес Компания «Орталық» ӨК» ЖШС-дағы қатысу үлесінің 49%-ын CGNPC еншілес кәсіпорнына әділ нарықтық құны бойынша сатуды жүзеге асырды.
Сонымен қатар, 2021 жылы Қазатомөнеркәсіп «Астана» Халықаралық қаржы орталығы алаңында құрылған ANU Energy OEIC Ltd. табиғи уранның жаңа қорына инвестициялау туралы келісімге қол қойды. Қордың мақсаты – ұзақ мерзімді инвестиция ретінде табиғи уранды сақтау және шикізат пен тәуелсіз қорларға, мемлекеттік кәсіпорындарға, дамушы нарықтардағы инвесторлардың әр түрлі санаттарына, әсіресе экология, әлеуметтік жауапкершілік және корпоративтік басқару, сондай-ақ таза энергия мәселелеріне бағытталған санаттарға тікелей қол жеткізуді ұсыну болып табылады. Бұл жоба Қазақстан мен одан тыс жерлердегі уран саласын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Ғылыми-техникалық салада одан әрі ынтымақтастық орнату мақсатында Қазатомөнеркәсіп «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» РМК-мен келісімге қол қойды. Келісім шеңберінде атом энергетикасына байланысты ғылыми-техникалық жобалар, ядролық қондырғылармен және көліктік қаптамамен байланысты зерттеулер, сондай-ақ перспективалы материалдар мен ядролық отын құрамдауыштарын реакторлық сынау қаржыландырылып, іске асырылатын болады.
Қазатомөнеркәсіп өзі жұмыс жүргізетін өңірлерді дамытуға және жергілікті халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ерекше назар аудара отырып, 2021 жылы Түркістан және Қызылорда облыстарының жеті елді мекеніндегі балаларға арналған заманауи ойын алаңдары мен спорт алаңдарын салу сияқты бірқатар әлеуметтік жобаларды іске асырды. Әлеуметтік жауапты компания ретінде Қазатомөнеркәсіп жергілікті қоғамдастықтармен ұзақ мерзімді жемісті қатынастарды қолдауға бағытталған іс-шараларды алдағы уақытта да дәйекті түрде жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Қазатомөнеркәсіп өзінің стратегиясын ұстануды және барлық мүдделі тараптар үшін ұзақ мерзімді құндылықтар жасауды жалғастырады. Уран нарығының қолайлы перспективалары Қазатомөнеркәсіптің бәсекелестік артықшылықтарын күшейтетініне және Компаниямыздың қызметінің барлық басым бағыттары бойынша одан да үлкен табыстар мен жоғары нәтижелерге қол жеткізетінімізге сенімдімін.