ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІ
ТӨРАҒАСЫНЫҢ ҮНДЕУІ
Өндіріс пен экологиялық қауіпсіздіктің жоғары стандарттарын сақтай отырып, Компания серіктестерімен бірге ЖҰШ әдісімен бүкіл әлемдік уранның 45%-дан астамын өндіреді.
KZ RU EN
Құрметті акционерлер!
GRI 102-14

Сіздерге «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның 2021 жылға арналған Компания қызметінің экономикалық, әлеуметтік және экологиялық аспектілері туралы өзекті ақпараттан тұратын біріктірілген жылдық есебін ұсынуға қуаныштымын.

Украина мен Ресейдегі оқиғалар энергетикалық қауіпсіздікке және энергия көздерін әртараптандыруға жіті көңіл бөлуге себеп болды, ал бұл өз кезегінде ядролық энергетиканың қазбалы отынға таптырмас базалық балама ретінде алдыңғы қатарға шығуға мүмкіндік берді. Климаттың өзгеруіне байланысты сын-тегеуріндерді және төмен көміртекті экономиканы дамытудың артықшылықтарын жаһандық талқылау аясында біз саясаткерлер, бизнес-қоғамдастықтар және техникалық сарапшылар тарапынан атом саласына деген қызығушылықтың өсіп келе жатқанын байқап отырмыз. Табиғи уранды әлемдегі жетекші өндіруші және жеткізуші бола отырып, Қазатомөнеркәсіп өзінің ұзақ мерзімді құнды құру стратегиясына бейілділігін сақтай отырып, энергияға көшу бойынша күш-жігерді іске асыруда елеулі рөл атқаруды жоспарлап отыр. Өндіріс пен экологиялық қауіпсіздіктің жоғары стандарттарын сақтай отырып, Компания серіктестерімен бірге ЖҰШ әдісімен бүкіл әлемдік уранның 45%дан астамын өндіреді.

2021 жылы пандемияның жалғасып келе жатқан әсеріне қарамастан, Қазатомөнеркәсіп халықаралық уран нарығында көшбасшылығын сақтап қалды. Компания жұмысының тиімділігі оның кредиттік рейтингтерінде оң көріністер тапты: 2021 жылы Moody ' s халықаралық рейтинг агенттігі Қазатомөнеркәсіптің рейтингін «тұрақты» болжамымен «Baa3»-тен «Baa2»-ге дейін көтерді.

Компанияның үздіксіз дамуына және оның нарықтағы позициясының нығаюына басым мақсаты, тиімді және ашық бизнес құру және клиенттер мен акционерлер арасындағы сенімді серіктес ретіндегі беделін сақтау арқылы Компанияның ұзақ мерзімді құнын ұлғайту болып табылатын Қазатомөнеркәсіптің корпоративтік басқару жүйесі ықпал етеді. Өткен жылы халықаралық аудиторлық компания жүргізген тәуелсіз зерттеу қорытындысы бойынша Қазатомөнеркәсіп корпоративтік басқарудың жоғары деңгейін көрсетті, соның нәтижесінде оның рейтингі «BBB» деңгейінен «А» деңгейіне дейін көтерілді. Бұл нәтиже Қазатомөнеркәсіптің барлық ішкі жүйелерінің тиімділігінің артқанын көрсетеді. Атап айтқанда, алға басушылыққа акционерлер құқықтарын қорғау, Директорлар кеңесінің және атқарушы органдардың өнімді әрі нәтижелі қызметі, сондай-ақ ақпараттың ашықтығын және айқындылығын қамтамасыз ету салаларында қол жеткізілді.

2021 жылы Компанияның Директорлар кеңесі мен Басқармасының құрамы айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Ғалымжан Пірматов Басқарма Төрағасы қызметінен кетті. Пірматов мырза 2018 жылы Қазатомөнеркәсіптің табысты IPO-сына баға жетпес үлес қосты және басқарма мен менеджмент командасының қолдауымен ашықтық пен халықаралық стандарттарға сәйкестікті қамтамасыз ететін сенімді жүйелерді қалыптастыруда негізгі рөл атқарды. Бүгінгі таңда Компания Басқарманың әр мүшесі мен оның басшыларының өз мақсаттарына деген адалдығының арқасында бұрынғыдан да күшейе түсті. Біз Компаниядағы барлық әріптестерімізге олардың ортақ істе аянбай еңбек етіп, үлес қосқаны үшін алғыс білдіреміз. Сабақтастық жоспарына сәйкес және бизнестің үздіксіздігін қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, 2021 жылдың қыркүйегінде Мажит Шарипов мырза компанияның Басқарма Төрағасы болып тағайындалды. Қазатомөнеркәсіп тарихында алғаш рет жұмыс істеп жүрген қызметкерлер арасынан кандидат бірінші басшы лауазымына дейін көтерілді. Шарипов мырзаның мол тәжірибесі мен стратегиялық ойлауы оған қазір бірқатар жаңа топ-менеджерлерді қамтитын басшылық командасын табысты басқаруға көмектесетініне сенімдімін. Мен сондай-ақ жаңа команда барлық мүдделі тараптардың игілігі үшін Қазатомөнеркәсіптің дамуын айтарлықтай жеделдететініне сенімдімін.

Компания топ-менеджментінің назары үздіксіз түрде тұрақты даму аясын қамтиды. Әлемдегі ең ірі уран өндіруші компания және атом саласының көшбасшысы ретінде Қазатомөнеркәсіп жергілікті және жаһандық әлеуметтік дамудағы өзінің рөлін түсінеді. Компания өз қызметінің қоршаған ортаға әсерін азайту және өз қызметкерлері мен жергілікті қоғамдастықтар үшін әлеуметтік жағдайларды жақсарту үшін белсенді жұмыс істеуді жалғастыруда. Тұрақты даму компанияның Даму стратегиясының іргелі құраушы бөлігі болып табылады, ал ESG-мен байланысты мақсаттарға қол жеткізу және міндеттерді орындау – біздің жоспарларымыздың ажырамас бөлігі. Осы саладағы үздік халықаралық тәжірибелерді қолдана отырып, Компания табиғатты қорғау қызметіне қомақты қаражат бөледі және кәсіпорындар орналасқан жерлерде табиғи ортаны сақтау бойынша, сондай-ақ қоршаған ортаға әсерді барынша азайту үшін табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайды.

2021 жылы Қазатомөнеркәсіп бірқатар маңызды жобаларды іске асырды. Ең маңыздыларының бірі Компанияның «Үлбі-ТВС» ЖШС жылу бөлгіш құрамалар шығаратын жаңа зауытын іске қосу болды. Жоба атом өнеркәсібі саласындағы әлемнің жетекші компанияларының табысты көпжақты ынтымақтастығының жақсы мысалы болып табылады. «Үлбі-ТВС» ЖШС зауыты сияқты инновациялық жобаны іске асыру – бұл компанияның көміртекті бейтараптық жөніндегі Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізуге қосқан үлесінің мысалы.

Сондай-ақ маңызды оқиғалардың бірі ретінде Қытайдың ірі энергетикалық компаниялары – China National Uranium Company Limited және State Nuclear Uranium Resources Development Company Limited-пен екі ұзақ мерзімді жеткізу келісімшарттарын жасасуды атап өтуге болады. Бұл мәмілелер Қазатомөнеркәсіптің әлемдік ядролық отын нарығындағы сенімді және оңтайлы жеткізуші ретіндегі беделін растайды.

Есеп беру кезеңінде Компания коронавирустық пандемия зардаптарының жалғасып жатқан әсеріне қарамастан, тағы да жоғары қаржылық және операциялық көрсеткіштерге қол жеткізгенін көрсетті. 2021 жылы Компанияның акционерлеріне 2020 жылғы қызмет нәтижелері бойынша төленген дивидендтер көлемі 2020 жылғы дивидендтер төлемдерінің жалпы сомасынан 52%-ға артты. Осылайша, сыртқы факторларға байланысты халықаралық нарықтардағы сақталып отырған тұрлаусыздық пен құбылмалылыққа қарамастан, Қазатомөнеркәсіп өз стратегиясын ұстануды және құндылық жасауды жалғастыруда, сондай-ақ өсудің жаңа салаларында одан әрі дамудың елеулі әлеуетіне ие.

Директорлар кеңесі шешімдер қабылдау процесіне тартылған барлық тараптардың мүдделерін білдіре отырып, Компания қызметін басқарып, тиімділігін арттыруды қамтамасыз етуді жалғастырады.

Директорлар кеңесінің атынан барлық стейкхолдерлерге, әсіресе Қазатомөнеркәсіптің акционерлеріне, қызметкерлеріне, клиенттері мен серіктестеріне 2021 жылғы өзара тиімді ынтымақтастықта болғанымыз үшін ризашылығымды білдіремін, әрі әріптестік қарым-қатынасымыз одан әрі жалғасуына тілектеспін.

Нил Лонгфэллоу
Директорлар кеңесінің
төрағасы, «Қазатомөнеркәсіп»
ҰАК» АҚ тәуелсіз директоры